Бүгінде осындай саладағы жас мамандарды қолдау мақсатында бірқатар бағдарлама жүзеге асып келеді. Соның бірі – үш жылдан бері жоғары нәтижеге қол жеткізіп келе жатқан «Жарқын Болашақ» мыңдаған жасқа тегін білім алуға мүмкіндік берді. Бұл жоба техникалық бағыттағы мамандарды даярлауға айрықша көңіл бөледі. Әсіресе, жұмысшы кәсіптерге басымдық берілген. Бағдарлама аясында жастар Қазақстанның 11 өңіріндегі 60 колледжде тегін оқи алады. Гуманитарлық және педагогикалық бағыттармен қатар техникалық, IT салалары да қамтылған. Бүгінде студенттердің жартысына жуығы техникалық мамандықтарды меңгеріп жүр. Кейіпкерлеріміздің әрқайсысы кәсіби маман ретінде дағдыланған. Қарағанды машина жасау колледжінде техник-технолог мамандығы бойынша білім алып жатқан Айбар Әжіғали қазір қаладағы ірі өндіріс орындарының бірінде тәжірибеден өтуде. Айбардың ойынша, кәсіби-техникалық білімді ерте бастан игеру – жастардың өмірге тез бейімделуіне, нақты еңбекке еркін араласуына мүмкіндік береді. Өзінің де техникаға қызығушылығы бала кезден басталған.
«Әкем механик, бала кезімнен қасында жүріп, көптеген іске араластым: метал тазалап, сырлауды, тұрмыстық заттарды жөндеуді үйрендім. Колледжде оқи жүріп, сызбалармен жұмыс істеуді, техникалық құжаттармен танысуды үйрендік. Енді сол теорияны нақты өндірісте қалай іске асыратынымды көріп жатырмын» – дейді ол.