Жасөспірімдер мен жастарға тегін психологиялық көмек көрсететін бұл желі – суицидтің алдын алуға бағытталған ірі жобаның бір бөлігі. Жоба Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының, Мәдениет және ақпарат министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен жүзеге асып келеді. Жобадағы жетекші мамандар психологиялық кеңес беру саласында 10-20 жылдық тәжірибеге ие.
BF Line желісіне Қазақстанның шалғай ауылдары мен өңірлерінде тұратын
14-35 жас аралығындағы балалар мен жастар жүгіне алады. Жоба психологтары қарым-қатынас, эмоциялар мен сезімдер, денсаулық, жеке қауіпсіздік, адам құқықтары және тұлғалық даму тақырыптары бойынша кеңес беруге дайын. BF Line жұмысының басты қағидаттары — анонимдік, құпиялық және түсіністік.
Ауыл мектептерін жаңарту және ондағы білім сапасын арттыру
Жоба Қазақстандағы қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасына қатысты алшақтықты азайтуды көздейді. Жоба аясында қор шалғай аймақтарда заманауи мектептер құрып, оларды қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуді және білім сапасын арттыруды мақсат етеді. 2019 жылы қор Қызылжар ауданы Петерфельд ауылындағы мемлекеттік мектепті 10 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға алды. Қазіргі уақытта оқу ордасы «Қызылжар Абай орта мектебі» деп аталады.
Қор мектепті жаңарту бойынша ауқымды жұмыс жүргізді: материалдық-техникалық базаны жаңартып, кабинеттерді заманауи үлгіде жабдықтады және цифрлық технологияларды енгізді. Бұдан бөлек Bilim Foundation педагогикалық құрамның сапасын арттырды — бүгінде мектепте жоғары білікті мұғалімдер жұмыс істейді.
Кәмелет жасына толмағандардың психологиялық әл-ауқатын бақылау
Жоба мектеп оқушыларының психикалық саулығын нақты уақыт режимінде зерттеуге және бақылауға мүмкіндік береді.
Әр мектеп, аудан немесе облыс тұрғысында балалардың жағдайын қадағалап, оң және теріс белгілерді анықтауға көмектеседі.
Жүйе ҚР Бас прокуратурасының деректер базасына байланғандықтан, ел көлемінде сенімді статистикаға сүйеніп, әрекет етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жоба көмегімен кәмелет жасына толмағандар арасындағы суицид және суицид әрекеттері туралы ресми деректерді бақылауға болады.
Кәмелет жасына толмағандар арасында суицидтің алдын алу және психикалық саулығын нығайту
Bilim Foundation мамандары дайындаған бағдарламалар мен әдістемелер Қазақстандағы 12-17 жас аралығындағы мектеп оқушыларына, колледж бен ЖОО студенттеріне қолдау көрсетуге бағытталған.
Жоба мамандары әзірлеген әдістемелер Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Қызылорда, Ақмола, Атырау, Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстарының мектептеріне енгізілген. Бағдарлама нәтижесінде 2017-2020 жылдары Қызылорда, Ақмола, Ақтөбе және Атырау облыстарында жасөспірімдер арасындағы суицид көрсеткіші 50%-ға төмендеген.
65 кітаптан тұратын бірегей серия жасөспірімдердің психикалық саулығын нығайтуға, өзіне деген сенімін арттырып, айналасында кездесетін қиындықтарды еңсеруіне көмектесу мақсатында жасалған. Әр кітап жаңа машықтарды біртіндеп меңгеруге және жетілдіруге мүмкіндік береді.
BF Books 7–10 сынып оқушыларына арналған. Авторлар жасөспірімдердің жас ерекшеліктерін ескеріп, әр сыныпқа арнап 16–17 кітап жазған. Серияны жастардың психикалық саулығына маманданған Bilim Foundation сарапшылары әзірлеген. Кітаптарды мемлекеттік уәкілетті органдар тексеріп, мақұлдаған.
«Жарқын Болашақ» – Маңғыстау облысының жастарына арналған білім беру бағдарламасы. Бағдарлама жастарға тегін білім алу мүмкіндігін ұсынып, олардың кәсіби және жеке дамуына қолдау көрсетеді. Жоба «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен жүзеге асып келеді.
Бағдарлама екі бағыт бойынша жұмыс істейді: мектепте оқуға мүмкіндік беретін білім гранттары және колледжде оқуға арналған білім гранттары. «Жарқын Болашақ» бағдарламасына Жаңаөзен қаласы мен Маңғыстау, Түпқараған, Қарақия, Мұнайлы және Бейнеу аудандарының 12-22 жас аралығындағы жастары қатыса алады. Бағдарлама аясында біздің қор еліміз бойынша үздік білім беретін 60 колледжбен және 5 мектеппен серіктестік орнатқан.