– 2000 жылдары еліміз балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид деректері шектен тыс көбейіп, әлемдік антирейтингтерде алғашқы орындарға шықты. Бұл алаңдатарлық жайт қандай әрекеттерге жетеледі?
– Иә, расында 2008–2009 жылдары елдегі балалар суициді ең жоғары деңгейге жетті. Жыл сайын шамамен 350 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсады. Яғни бір мектептің түгел оқушысынан айырылып отырдық. Оның үстіне цифрлар – тек ресми тіркелген жағдайлар. Білім беру, құқық қорғау органдары және ішкі саясат басқармалары өзінше әрекет еткенімен, көрсеткіш өзгермеді. Тіпті нақты қандай іс-шаралар қабылдау керегі де түсініксіз еді.
Сол кезде Білім және ғылым министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі ЮНИСЕФ-пен бірлесе отырып, отандық және шетелдік сарапшыларды тартып, ұлттық зерттеу жүргізуге кірісті. Жобада суицид деңгейі 3-5 жыл қатарынан ең жоғары болған бес өңір назарға алынды. Олар – Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Ақмола, Батыс Қазақстан облысы.
Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, суицидтің 33%-ы жасырын күйде қалады. Өйткені ата-аналар өз-өзіне қол жұмсау фактісін ұят деп оны тұрмыстық жарақат, жазатайым оқиға немесе жол апаты ретінде көрсетіп отырған. Осыдан-ақ сарапшылар суицидтің нақты көрсеткіші ресми статистикадан әлдеқайда жоғары екенін түсіне бастады.
Сарапшылар анықтаған тағы бір маңызды жайт – суицид жағдайларының 90%-ында психикалық ауытқу белгілері байқалған. Әр баланың өмірін ретроспективті зерттеу нәтижесінде олардың депрессия, шизофрения немесе аурулардың халықаралық классификациясына кіретін басқа да психикалық бұзылыстардан зардап шеккені анықталған. Сондықтан қорытынды айқын болды: балаларды суицидке итермелеген басты себеп – психикалық ауытқу.
Ал мемлекеттік органдар көбіне ҰБТ, компьютерлік ойындар, ата-ана немесе қатарластарымен ұрысып қалу деген нұсқаларды алға тартып келді. Бірақ бұлар – себеп емес, триггерлер. Психикасы бұзылған бала оқуға, қарым-қатынас құруға деген қабілетін жоғалтады, стреске қарсы иммунитеті әлсірейді. Бұған мектеп пен ата-ананың қысымы қосылса, жағдай ушыға түседі: бала агрессия танытады немесе керісінше, тұйықталып, көп уақытын виртуал әлемде өткізуге бейім болады.
Мұндай жағдайда бала ауыр эмоциялық күй кешеді әрі тығырықтан шығатын жолды көрмейді. Жасөспірім өзін қараңғы қапаста қалғандай сезінеді. Дәрігерлер мұндайды суицидтік ойлау деп атайды. Бала «Өлгенім дұрыс шығар – бұл жақсы идея. Неге солай жасамасқа?» деген ойлардың шырмауында жүреді. Ақыр аяғында ол «менің өлімім бәрі үшін жақсы болады» деп өз-өзін сендіреді.
Келесі кезеңде бала суицид жасау тәсілдерін іздейді, интернетте жарияланған қолжетімді ақпаратқа иек артады. Өзіндік іс-қимыл жоспарын құрады. Тәсілін таңдаған соң, бала амбивалентті күй кешеді. Осы тұста адам айналасына түрлі белгі береді. Бұл әрекеттер әртүрлі болуы мүмкін: мысалы, Қызылорда облысындағы бір бала қайтыс болар алдын, диванда жатып, теледидар көріп отырған ата-анасынан «Егер мен осылай өліп жатсам, сіздер не істер едіңіздер?» деп сұраған. Өкініштісі, әкесі бұған мән бермей, оған тәпішке лақтырып: «Не сандырақтап отырсың? Кедергі жасамай, кет!» деп айқайлап жіберген. Әрине, ата-аналар, жалпы қоғам мұндай белгілерді байқамауы мүмкін, ал мамандар біледі.